Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы ежелгі және ортағасырлық елді-мекендер туралы зерттеулер
Аңдатпа
Қазіргі уақыт зерттеушілерден Қазақ халқы тарихының бай қазынасын тереңдей аша түсу жолында жан - жақты ізденіске баруды талап етеді. Отандық тарихтың өткен кезеңдеріндегі шындығы бұрмаланып, ақиқаты айтылмай келген оқиғалары мен құбылыстарын ой елегінен өткізуге деген қажеттілік туындады. Сондықтан да тарих ғылымының салалары саналатын археология және этнография бағытында да, елді мекендер мен тұрақ жайлар жайында зерттеулер жүргізіліп, бірқатар еңбектер жарық көрді. Археологиялық және этнографиялық зерттеулерге одан әрі серпін бере түсу үшін ендігі жерде белгілі бір кезеңдердегі елді мекендер мен тұрақ жайларындағы өзгерістерге, әр өңірдегі тарихи даму процестерінің ауқымына және олардың жекелеген аймақтардағы ерекшеліктеріне баса назар аударған абзал. Сонымен қатар, бұл мәселелердің ғылыми әдебиеттерде көрініс табу деңгейіне тарихнамалық талдау да жасау қажет. Өйткені мұндай талдау тарихи процестердің негізгі желісін, оның елеулі құбылыстарын ғылыми тұрғыда дұрыс көрсетуге және көкейтесті проблемаларын белгілеп, зерделеу үшін тарихи таным тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл тақырыптың өзекті мәселелерінің бірі археологиялық және этнографиялық зерттеу негізінде, әр өңірдегі анықталған елді мекендер мен тұрақ жайлар жайлы деректерге ғылыми талдау жүргізу.
Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы ежелгі және ортағасырлық елді-мекендер туралы зерттеулерге тарихнамалық шолу жасау нәтижесінде Қазақстан аумағында әлі зерттелмей жатқан және зерттелуі аз болып жатқан географиялық аймақтарды анықтауға болатынын байқауға болады.