КЕҢЕС БИЛІГІ РИТУАЛДАРЫ: БРЕЖНЕВ ДӘУІРІНІҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІ
Кілт сөздер:
Кеңес билігі, ритуалдар, , Брежнев дәуірі, тарихи антропология, саяси репрезентацияАңдатпа
Андатпа. Бұл мақалада Кеңес билігінің саяси ритуалдары мен олардың қоғамға әсері жан-жақты қарастырылады. Кеңес Одағы өз билігін нығайту және халықтың идеологиялық бағытын қалыптастыру мақсатында түрлі ритуалдарды кеңінен қолданды. Әсіресе, Брежнев дәуірінде мемлекеттік мерекелер, партиялық жиындар, салтанатты шаралар мен марапаттау рәсімдері ерекше мәнге ие болды. Бұл ритуалдар саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде қолданылды.
Зерттеу барысында тарихи антропология әдістеріне сүйене отырып, билік ритуалдарының Кеңес Одағындағы саяси мәдениетті қалыптастырудағы рөлі талданады. Брежневтің жеке тұлғасының саяси сахнадағы маңызын көрсету үшін оның басқару кезеңіндегі ритуалдардың сипаты мен құрылымы қарастырылады. Сонымен қатар, билік ритуалдарының легитимділікке әсері, олардың қоғамның түрлі топтарына ықпалы және уақыт өте келе формалданып, маңызын жоғалтуы зерттеледі.
Мақалада Л.И. Брежневтің күнделіктері, Ресей Федерациясы Президентінің Архивінен алынған құжаттар, А.С. Черняевтің жазбалары және сол кезеңнің тарихи құжаттары негізгі дереккөз ретінде қолданылады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, кеңес ритуалдары билік құрылымдарының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылғанымен, олардың тым формалды және стандартталған сипатқа ие болуы қоғамның билікке деген сенімінің әлсіреуіне алып келген.
Осы мақала Кеңес Одағының саяси жүйесіндегі ритуалдардың маңызын түсінуге, олардың билік пен қоғам арасындағы байланыстағы рөлін айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері қазіргі заманғы саяси ритуалдар мен олардың қоғамдағы орнына қатысты мәселелерді талдауға негіз бола алады.